Ықшамаудандар салу, жаңа кәсіпорындар ашу, медициналық жабдықтарды жаңарту - Солтүстік Қазақстан облысы қалай дамуда

Сенбі, 16 Қараша 2019, 21:42:08

 

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаев биыл 18 қазанда Үкімет,  «Nur Otan» партиясының мүшелері және оның Парламент Мәжілісіндегі фракцияларының қатысуымен өткен кеңесте 2020 жылғы 1 наурызға дейін әрбір аудан, қала, облыс бойынша аумақтарды дамыту бағдарламасын әзірлеуді аяқтауды тапсырды. Өз кезегінде, Елбасының стратегиялық бағытын жалғастыра отырып, Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев биылғы 2 қыркүйектегі өзінің Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында өңірлерді дамыту мәселесінде жергілікті билік органдарының жұмыс тиімділігін арттыруға, бюджетаралық қатынастар жүйесі реформасына, басқарылатын урбанизация мен бірыңғай тұрғын үй саясатына баса көңіл бөлу керектігін атап айтқан болатын.

Солтүстік Қазақстан облысының биылғы жылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысы және өңірлердің перспективалары туралы PrimeMinister.kz шолу материалынан оқыңыздар.

Солтүстік Қазақстан облысы 13 ауданға бөлінеді, облыс орталығы – Петропавл қаласы. Облыста 5 қала, 11 кент пен 204 ауылдық округ бар. 2019 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша халқының саны 554,5 адам немесе республика тұрғындарының жалпы санынан  3% құрайды. Қала халқының саны 251,8 мың адамды немесе 45,4%, ауыл тұрғындарының саны 302,7 мың адамды немесе 54,6% құрайды.

ЖӨӨ (жалпы өңірлік өнім) көлеміне көп ықпалын тигізетін облыс экономикасының негізгі салалары – ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда, көлік және қоймалау, жылжымайтын мүлікпен операциялар. 2019 жылдың І жартыжылдығының қорытындысы бойынша ЖӨӨ көлемі жан басына шаққанда 706,1 мың теңгені құрады.

Жыл басынан бері өңір 540 мың тонна тамақ өнімдерін экспорттады

Биыл қаңтар-қазан айларында жалпы өнім көлемі 2,6%-ға өсіп, өсімдік шаруашылығында өнімдердің 2,9%-ға, мал шаруашылығында 2,1%-ға артуы есебінен 585 млрд теңгені құрады.